СҚО-да 40 тонна жасымық ұрланды

Күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

СҚО полицейлері қырманнан 40 тонна жасымықты ұрлау фактісін ашты. Мұндай көлемдегі дәнді-дақылдың нарықтағы бағасы 11 млн теңгеге бағаланады, деп хабарлайды облыстық Azattyq Rýhy ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тайынша аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Егін» операциясы барысында Многоцветное ауылының қырманынан жасымық ұрлады деген күдікпен сол аудан орталығының тұрғындарын ұстады. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, ұрланған жасымықтың жалпы салмағы 40 тонна.

Жедел уәкілдер ұрлықтың қыркүйек айында жасалғанын анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында  күдіктілер ұсталды. Олар қырманда жұмыс істейтін Тайынша қаласының екі тұрғыны болып шықты. Жасымықты бес техникамен тасымалдаған. Жүк көлігі жүргізушісінің қылмысқа қатыстылығы тексерілуде. Ұрланған дақыл сол аудандағы ауылдардың бірінде сатылғаны белгілі болды. Оның бір бөлігі тәркіленді. Аталған факт «ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталғандардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 «Облыс аумағында 23 тамыз бен 10 қазан аралығында «Егін – 2021» кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Облыстың әрбір ауданында криминалдық полиция қызметкерлерінен, учаскелік инспекторлардан және патрульдік полиция қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар құрылды. Жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жалпы салмағы 62 тоннадан астам дәнді дақылдарды ұрлаудың 3 фактісін анықтады: Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 11 тонна бидай, Тайынша ауданында – 40 тонна жасымық, Жамбыл ауданында – 10 тонна бидай ұрланған. Сондай-ақ жанар-жағармай ұрлау фактілері анықталды. Барлық фактілер бойынша күдіктілер ұсталды, ұрланған заттар тәркіленді», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

«Егін» операциясы басталғаннан бері Тайынша ауданында ашылған факт ұрланған заттың салмағы мен залалы бойынша ең үлкені.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.