СҚО-да бір аптада аса ірі көлемдегі 2 есірткі партиясы тәркіленді
Тәртіп сақшылары есірткілік және психотроптық дәрі-дәрмектерді пайдаланатын медициналық мекемелерді тексерді
Бір апта ішінде СҚО полицейлері аса ірі көлемдегі 2 есірткі партиясын тәркіледі. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
СҚО полицейлері өз қызметінде есірткілік және психотроптық дәрі-дәрмектерді пайдаланатын медициналық мекемелерді, өндірістік кәсіпорындарды, қоймаларды, дәріханаларды тексерді.
Апта бойы бұл жұмыс «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді. Оның мақсаты – бақылаудағы есірткі заттары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу. Кейбір медициналық мекемелерде есірткі заттарын есепке алу қағидаларын бұзушылық тіркелді. Екі дәріханада рецептісіз беру жағдайы анықталды. Тәртіп сақшылары барлығы бақылаудағы заттарды заңсыз пайдалануға жағдай жасаған 18 заңбұзушылықты анықтады.
«Бұдан бөлек, ЖПІШ кезеңінде есірткінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс жандандырылды. Осындай 11 факт тіркелген, екі жағдайда да аса ірі көлемі жайлы сөз болып отыр. Атап айтқанда, заңсыз айналымнан 2 келі жуық гашиш алынды, шамамен синтетикалық есірткі болып табылатын 30 гр жуық зат сараптамаға жіберілді. Сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді егіп-өсіру фактісі анықталды. Барлығы операция кезінде 15 келі астам түрлі есірткі алынды», — деп хабарлайды СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.