Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алматыдағы ұшақ апатына кінәлілер қатаң жазаланады»
Ұшақ екіқабатты ғимараттың үстіне құлаған

Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың туған-туыстарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты.
«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», - деп жазды Қ.Тоқаев өзінің Twitter-парақшасында.
Еске салайық, бүгін таңертең сағат жеті жарым шамасында Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға шыққан №Z2100 ұшағы апатқа ұшырады. Bek Air авиакомпаниясына тиесілі ұшақтың бортында 95 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 7 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Тірі қалғандарды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.