Канадада қаза тапқан қазақстандықтың денесі сот-медициналық сараптамадан кейін әкелінеді
Денені тасымалдау шығынын сақтандыру компаниясы мойнына алады
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Канадада жол апатынан қаза тапқан Дамир Құсайынның денесі Қазақстанға қашан әкелінетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстан консулдығы қайтыс болған жігіттің анасымен және ағасымен үнемі байланыста. Қазіргі таңда жігіттің денесін елге әкелу жұмыстары жүріп жатыр. Алдымен сот-медициналық сараптама нәтижесін күту керек, содан кейін Канада билігі отандасымыздың қайтыс болғаны туралы куәлік береді.
«Бұл құжатты аударып, Канаданың СІМ-де және біздің консулдықта заңдастырып, тек содан кейін ғана денені тасымалдау мәселелерімен айналысу керек. Қазір Канадада мерекелік демалыстар екенін ескерген жөн. Мереке күндерін есептемеген күннің өзінде, құжаттарды дайындау белгілі бір уақыт алады. Консулдық барынша бұл мәселені бақылауда ұстауда», - деді министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбек Алмашов.
Оның айтуынша, денені тасымалдау шығынын сақтандыру компаниясы өтейді.
Естеріңізге сала кетсек, 22 желтоқсан күні Канадада Қазақстан азаматын көлік қағып кеткен болатын. Жол апатынан тағы бір қытай азаматы қаза тауып, оның інісі жарақат алған.