Екібастұзда 10 адамнан тұратын қылмыстық топ қолға түсті
Мал ұрлығымен айналысқан топ құрамында ветеринарлар да болған

Екібастұздық полицейлер Павлодар облысының аумағында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрамында 10 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсы белгілі бір жұмыстарды атқарып отырған: бірі ұрлық істесе, екіншісі ет сатқан, енді бірі қажетті құжаттарды жинап отырған. Сонымен қатар топ құрамына ветеринарлар да кірген.
Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің мәліметінше қазіргі уақытта қылмыстық топқа бірқатар мал ұрлығы мен оны сату бойынша айып тағылғанын, күдіктілердің Екібастұз қаласында ұсталғанын атап өтті.
«Тексеру барысында "ВАЗ 21099" маркалы автокөліктен сиыр етінің бір ұшасы, металл электронды таразы, ал "Ауди" маркалы автокөліктен ветеринариялық анықтамалар алынды. Қаскүнемдер келесі схема бойынша әрекет еткен: аптасына бір рет, демалыс күндеріне жақын уақытта Екібастұз ауданының ірі шаруа қожалықтарының бірінен 2 бас ірі қара малды ұрлап, содан кейін демалыс күндері қала базарларында және үйде ет өнімдерін сатқан. Анықталғандай, күдіктілер бұрын ет өнімдерін сатумен айналысқан, тұрақты клиенттері болған, сондықтан олардың етті өткізуі азаматтарда күдік тудырмаған, - деді Нұрлан Мәсімов.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 188-1-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталғандар Екібастұз қаласының УҰИ-не қамалды.
Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеу шеңберінде күдіктілердің ұқсас қылмыстар жасауға қатыстылығы анықталады.