Оралда төбелес кезінде жас жігітті өлтіріп кетті
Полиция аталған аса ауыр қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап жатыр

Оралда төбелес кезінде жас жігіт мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 11 қыркүйекке қараған түнгі сағат 00.08 шамасында болған.
«Сағат 00.08 шамасында Н.Назарбаев даңғылы бойындағы қаланың ортасында орналасқан шіркеу маңында төбелес болып жатқаны жөнінде хабар түсті. Полиция қызметкерлері дереу жеткен кезде оқиға орнынан 25-30 жастағы белгісіз ер адамның денесі табылды. Кейін марқұмның 1992 жылғы Ш. есімді тұрғын екені анықталды», - делінген ПД хабарлаамсында.
Қазіргі кезде полиция қызметкерлері аталған аса ауыр қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап жатыр. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция өкілдері аталған қылмыстың куәгерлерінен Абай полиция бөліміне немесе 102 нөміріне хабарласуды сұрайды. Полиция департаменті ақпараттың құпиялылығына кепілдік береді.