Атырау облысында саябақта баланы тоқ соқты

Бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр

Атырау облысында саябақта баланы тоқ соқты
фото: azh.kz

Атырау облысы Құрманғазы ауданында 11 жастағы баланы саябақта тоқ соқты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy АқЖайыққа сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, оқиға 2 қыркүйек күні кешкі сағат тоғыз кезінде болған. Саябақта серуендеп жүрген бала көше шамы бағаналарының бірін қолмен ұстаған, сол кезде оны тоқ соққан.

Аудандық аурухана хирургі Нұрғиса Шолпановтың айтуынша, баланың жағдайы ауыр.

«Ол үш күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Денесінде діріл, сонымен қатар тыныс алу жеткіліксіздігі мен жүрек соғысында ақау болды. Реаниматологтар оған дер кезінде қажетті көмек көрсетті. Қазір оның жағдай біртіндеп оңалып келеді. Тоқ соққан кезде ең алдымен жүрек-қан тамырлары жүйесі зардап шегеді. Қазір оған қайтадан ЭКГ жасаймыз. Нәтижелер облыс мамандарына жолданады», - дейді дәрігер. 

Құрманғазы ауданының орталық саябағы тек биыл ғана әкімдік балансына берілген. Қазіргі күні жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен баланың ата-анасы жергілікті әкімдіктен бұл мәселенің орын алу себебін түсіндіруді талап етіп отыр. Олар әзірге полицияға жүгінбеген.

«Ауылымызда балалардың барлығы Жеңіс саябағында ойнайды. Басқа ойнайтын жер жоқ. Бір күн бұрын жаңбыр жауған болатын. Тоқтар ашық-шашық жатыр. Саябақта болған адамдар балама алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер баламды аман алып қалды – өте ауыр жағдайға тап болғандарын кейін айтты. Осыған дейін де саябақта бірнеше баланы тоқ соққан, тек ондай қатты емес. Жалғыз саябақты неге қараусыз қалдырады?» - дейді Сұлтанның анасы Ғалия Мұратәлиева.

Осы оқыс оқиғадан кейін аудандық саябақ уақытша жабылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.