Кварцты электр шамы қосылып қалған: Оралда 8 оқушы зардап шекті
Ауруханаға 8 бала келген, ал екі баланың ата-анасы жедел жәрдемді үйіне шақырған
Орал қаласындағы №3 мектепте сабақта қосылып тұрған кварцты электр шамынан жетінші сынып оқушылары зардап шекті, деп хабарлайды mgorod.kz.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, ауруханаға 8 бала келген. Ал екі баланың ата-анасы жедел жәрдемді үйге шақырыпты.
«Қазір балалардың барлығы үйде емделіп жатыр. Ауыр жарақат жоқ. Көздерін жуып, дәрі тамызып қойды. Енді олар демалуы керек. Жарық сәулеге қарауға болмайды», - дейді басқармадағылар.
Облыстық Білім басқармасындағылар кварцты электр шамын балалардың өздері қосуы мүмкін деп отыр.
«3 қыркүйек күні үлкен үзіліс кезінде сағат 15:35 пен 15:50-дің арасында балалар №218 кабинетте отырған. Мұғалім болмаған. Бәлкім, сол кезде шамды өздері қосқан шығар. Соның салдарынан сыныпта отырған балалар задап шекті», - деді басқарма мамандары.