Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасынан 2 адам қаза тапты
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйек күні сағат 18.25-те Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық автожолында Шұбарқұдық ауылынан 89 шақырым жерде Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны, «ВАЗ-2110» автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласы жағынан Шұбарқұдық кенті бағытында келе жатып, рөлді басқара алмай, автокөлік құралының қозғалыс бағыты бойынша оң жағына аударылып кеткен.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік жүргізушісі мен жолаушы алған дене жарақатынан көз жұмды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Аймақтың бас полицейі Атығай Арыстановтың айтуынша, апаттар туралы статистика жол қозғалысына қатысушылардың барлығы бірдей өз қауіпсіздігіне мән бермейтінін көрсетеді.
Полиция жүргізушілерге жолда белгіленген тәртіп ережелерін сақтауды, жол мәдениетін, өзара сенімділік және бір-біріне құрметпен қарауды сұрайды. Сондай-ақ автомобиль жоғары қауіптің көзі екенін, ережелерді елемеу қалпына келтірілмейтін салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.