Алматы облысында оқушы қызды зорлады деген күдікпен төрт жігіт ұсталды
Облыстық Полиция департаменті аталған қылмыстық істі растап отыр
Алматы облысында 14 жастағы қызға зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікпен төрт жігіт қамауға алынды. Бұл жайында әлеуметтік желі пайдаланушыларының бірі жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Онда жазба иесі оқиғаның Текелі қаласында болғанын мәлімдеген. Өрімдей қызға жерлестері қорлық көрсеткен делінеді.
Алматы облысының Текелі қаласында 14 жастағы жасөспірімді төрт жігіт зорлады деген күдікпен ұсталды. Олардың үшеуінің жасы 17-де, біреуінің жасы 18-де болған.
Облыстық Полиция департаменті аталған істі растап отыр. Олар полиция бөліміне қыздың әкесі шағымданып келді дейді. Қазір бұл іс тергеліп, төрт күдікті қамауға алыныпты.
«Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс тергелуде, іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер қамауға алынды», - деді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.