Соңғы 20 жыл ішінде болған жойқын жарылыстар: Байзақ, Арыс, Отар мен Тоқырау

2001 жылдан бері Қазақстандағы оқ-дәрі сақталған жерде болған жойқын жарылыстар туралы

Коллаж

Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнен алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласып, тоғыз адам қаза тапты. Жамбыл облысында орналасқан әскери бөлімде жарылыстан кейін 100-ге жуық адам зардап шекті. Тараз қаласының №1 ауруханасына түрлі жарақаттармен 60 адам түсті, оның ішінде 11 әскери қызметкер (мәліметтер нақтылануда – авт.) бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.  

Қазіргі таңда жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Оқиға орнына Қорғаныс министрі мен Төтенше жағдайлар министрі барды.

Еске салайық, Қазақстанда мұндай жарылыс алғаш рет болып отырған жоқ. Соңғы он жыл ішінде бір ғана Арыс қаласының маңында төрт жарылыс болды.

Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстанда болған жарылыстарға шолу жасап шықты.

2014 жылдың жазында Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан) «Қазақжарылысөнеркәсібі» АҚ-ның оқ-дәріні жою зауытында төтенше жағдай болды. Арыс қаласына жақын маңдағы учаскеде жарылғыш қоспасы жарылған.

Ауысым басшысының денесін күйік шалып, ер адам мен әйел оқиға орнында қаза тапты. БАҚ өкілдері көз жұмған әйелдің күйеуі басқа кәсіпорында дәл осындай жағдайда мерт болғанын жазған еді.

Жарылыс қоспасы аптап ыстықтан жарылған болуы мүмкін екені хабарланды.

2009 жылдың наурызында Арыстағы «Қазарсенал» ЖШС-да снарядтарды жою кезінде бірнеше жарылыс болды. Алапат өрттің салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды, компанияның тағы 17 жұмысшысы денесін күйік шалып, ауруханаға түсті. Кейінірек қаза болғандардың саны төрт адамға дейін өскені хабарланды.

Үкіметтің арнайы комиссиясы трагедияға қауіпсіздік техникасы ережелерін өрескел бұзу (жарылу қаупі бар заттар дұрыс сақталмаған) себеп болғанын анықтады.

2015 жылдың 8 қарашасында сағат 10:40 шамасында Арыс маңындағы «Қазтехнология» ЖШС-ның жару алаңындағы полигонында қалдықтарды жою кезінде жарылғыш заттар жарылды.

Салдарынан «Кәдеге жарату орталығы» филиалының технологы, 1974 жылғы Ермұрат Иманқұлов көз жұмды. Жарылыстан кейін өндірістің оқ-дәрі мен қалдықтарды жою жұмыстары уақытша тоқтатылғаны хабарланды.

Сол кездегі Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов ведомствода аппарат жиналысын өткізіп, мұндай жағдай қайталанбауы тиіс екенін қадап айтты. Ол робототехниканы енгізу арқылы адам ресурстарын жұмылдыруды барынша азайту туралы тапсырма берді.

2019 жылдың маусымында Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында жойқын жарылыс болды. Қоймадағы жарылыс туралы ақпар өртке қарсы қызмет пультіне таңғы сағат 09:20-да келіп түскен. Жарылыс соңы алапат өртке ұласқан, салдарынан 4 адам қаза тауып, 500-ге жуық тұрғын медициналық көмекке жүгінді.

Қорғаныс министрлігі 2019 жылдың 24 маусымында болған жарылысты бұған дейінгі төтенше жағдайлармен салыстыруға болмайтынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы жарылысқа байланысты қатаң сөгіс жариялады.

Еске салайық, жақында Шымкент сотында Арыстағы жарылыс ісі бойынша сот отырысы аяқталды. Арыс ісі бойынша сот процесі 2020 жылдың мамыр айында басталған. Жауап берушілер қатарында Арыс әскери бөлімі қызметкерлері мен Қорғаныс министрігінің қызметкерлерін қосқанда 16 адам болды. 550 томнан тұратын қылмысық іс бойынша жәбірленушілер саны 1473 адамды құраған. Сот процесі 2021 жылдың 26 шілдесі күні аяқталды. Он екі адам 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, тағы төрт адамға 4 жылдан 7 жыл аралығында шартты жазаға кесілген.

«Алты әскери қызметші ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі (ауыр зардапқа әкеп соқтырған қызметіне салғырт қарау) бойынша айыпталып отыр. Сонымен қатар 462-баптың 3-бөлігі (қару-жарақпен, сондай-ақ айналаға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша айыпталып отыр», - деп хабарлады сот.

Бірінші бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Екінші бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар бес адамға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылды.

2013 жылдың 27 тамызында Жамбыл облысы маңындағы Отар станциясында «Қазақжарылысөнеркәсіп» АҚ аумағында 122 миллиметрлік бос патрондарды залалсыздандыру кезінде жарылыс болды. Салдарынан жеті адамның денесін күйік шалып, олардың төртеуі қайтыс болды. Тергеу барысында кәдеге жарату қондырғысында механикалық орау модулін іске қосу кезінде қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану, жарылыс қаупі бар объектілердегі қауіпсіздік ережелерін, өндірістік санитария мен еңбекті қорғаудың басқа ережелерінің бұзу фактілерін анықтады.

2014 жылдың 3 желтоқсаны күні Қордай аудандық соты «Қазақжарылысөнеркәсіп» АҚ залалсыздандыру департаментінің бастығы Оракеевке, залалсыздандыру пунктінің бастығы Орловқа, залалсыздандыру пунктінің бас инженері Гурьяновқа, залалсыздандыру департаментінің бас инженері Емельяновқа, қауіпсіздік техникасы жөніндегі Қыдырәлиевке және ауысым басшысы Сазоновқа қатысты қылмыстық іс 2014 жылдың 8 қыркүйегі күні Қордай аудандық сотына түсті. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 152-бабының, 2-бөлігі, 246-бабының 2-бөлігі, 307-бабының 4-бөлігі бойынша үкім шығарылып, бес жылға бас бостандықтарынан айырылды.

2001 жылдың 8 тамызында Қарағанды ​​облысына қарасты Тоқырау ауылы маңындағы республикалық ең ірі оқ-дәрі қоймасы жарылып, бірнеше күн бойы алапат өрт болды. Қоймада Ауған соғысы басталғаннан бері сақталған Кеңес әскерінің снарядтары мен миналары болған. Оқ-дәрілердің бір бөлігі 1988 жылы Спитак жер сілкінісінен кейін Армениядан әкелінген. Сондай-ақ, әуе бомбалары мен артиллериялық оқ-дәрілер, зымырандар ауыл маңайындағы 18 жерасты қоймаларында сақталған болып шықты.

Жойқын жарылыстың салдарынан өрт сөндірушілер де, әскерилер де қоймаларға жақындай алмады, қоршау он шақырымдық радиуста орнатылды. Қазақстанның сол кездегі Премьер-министрі, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Тоқырау қаласынан 35 шақырым жерде жедел штаб құрылды. 1300 адамнан тұратын ауыл тұрғындары Тоқаевтың бұйрығымен Балқаш қаласына көшірілді. Тоқыраудағы жарылыстан электр тасымалдау мұнаралары зақымданып, теміржол рельстері мен жалғыз су мұнарасы қирады.

Әзірлеген: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.