Жамбылдағы жарылыс салдарынан бірнеше бағыт бойынша пойыздар тоқтап қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Байзақ ауданында әскери қоймада белгісіз зат жарылды

Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан Алматы-Тараз тас жолы жабылды. Сондай-ақ, бірнеше бағыт бойынша пойыздар да тоқтатылды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Атап айтқанда:

  • №41 Алматы-2 – Атырау бағытындағы;
  • №11 Алматы-2 – Шымкент бағытындағы;
  • №78 Манғыстау - Алматы-2 бағытындағы;
  • №24 Ақтөбе – Алматы-1 бағытындағы;
  • №002 Шымкент – Алматы-2 бағытындағы;
  • №72 Түркістан – Алматы-2 бағытындағы;
  • №86 Сарыағаш – Нұр-Сұлтан-1 бағытындағы;
  • №22 Қызылорда – Семей бағытындағы жолаушылар пойыздарының кешігуі күтілуде.

«Қазақстан Темір жолы» АҚ баспасөз қызметі Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа байланысты бірқатар пойыздың жүру уақыты тоқтатылғанын мәлімдеген.

«Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі Тараз-Луговое учаскесінің жұп және тақ жолдары теміржол желісінен 250-300 метр қашықтықта орналасқан әскери бөлім аумағындағы оқ-дәрілердің жарылуынан барлық пойыздар қозғалысы үшін жабық», - делінген хабарламада.

Тараздан оқиға ошағына 8-10 шақырым жерде орналасқан Үшбұлақ станциясына өрт сөндіру пойызы келді. Шу станциясынан да өрт сөндіру пойызы да жіберілген. Жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысы тоқтатылған.

«Қазіргі уақытта Петропавл-Қызылорда бағытындағы №75 және Маңғыстау – Алматы-2 бағытындағы №78 жолаушылар пойызы, сондай-ақ 14 жүк пойызы тоқтатылды», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнен алапат өрт шығып, соңы жарылысқа ұласты. Жарылыс салдарынан 60-тан астам адам зардап шекті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қоймадағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.