Атырау тұрғыны баласының көзінше әйеліне пышақ сұғып алды
Күдікті бұған дейін де үйінде жанжал шығарып, бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Атырауда баласының көзінше әйеліне пышақ сұққан ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ATPress-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жексенбіде сол жақ кеуде тұсына пышақ сұғылған 30 жастағы әйел ауруханаға түскен.
«Науқасқа рентгенографиядан кейін «оң жақ шеткі пневмоторакс» диагнозы қойылды. Таңертең тағы бір рентгенография жасалды. Операция жасаудың қажеті болмады. Жағдайы тұрақты, хиругия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, үйдегі жанжал кезінде күйеуі пышақ ала жүгірген. Кішкентай баласы бәрін көрген. Полиция күдіктіні ұстап, қамауға алды. Ол бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«12 сәуірде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы, 1-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша хаттама рәсімделді. Іс әкімшілік сотта қаралды. Алайда ерлі-зайыпты татуласып, содан кейін іс жабылды», - дейді полицейлер.
Алайда 24 шілдеде ер адамның үстінен тағы арыз түскен. Сол кезде Қылмыстық кодекстің 115-бабы (Қорқыту) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары атқарылған. Ал ер адам жұбайының ар-намысын қорлағаны үшін үш тәулікке қамауға алынған.