$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.08.2021, 03:34
Оқиғалар

Өскеменде жарты жыл бұрын берілген үйдің қабырғасы жарылып жатыр

Баспананың бүліне бастағанын қыс бойы тоңып шыққан пәтер иелері көрген

 

Өскеменде жарты жыл бұрын ғана пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үй бүліне бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Ілияс Есенберлин көшесінің тұрғындары шұғыл түрде жиналыс өткізді. Талқыға түскен басты тақырып ­- қауіпсіздік мәселесі. Баспананың бүліне бастағанын қыс бойы тоңып шыққан пәтер иелері көрген. Олар үйдің сыртына жылу ұстағышты жапсырмақ болыпты. Қаптаманы ашқан кезде қабырғаның жарылғанын байқаған.

Сайдинг қаптамадан көп нәрсе көрінбейді. Бірақ үйдің басқа жағындағы пәтер қабырғасынан да кішігірім сызаттарды байқауға болады. Сондықтан көпқабатты үй қауіпті болуы мүмкін дейді Ләнтай Құзатханқызы. Ол осы пәтерге жақында ғана бала-шаға, немерелерімен көшіп келген.

«Бала-шағаға алаңдаймыз. Астынан бастап жарылып тұр. Өзі жаңа үй, қолданбаған. Оқыс жағдай болып қала ма деп алаңдаймыз», - деді қала тұрғыны Ләнтай Құзатханқызы.

Тұрғындардың көбі бұл пәтерлерді ипотекаға алған. Үш баланың анасы Әсел Тоқтарханқызы әлі тоғыз жыл бойы баспана ақысын төлеуі тиіс. Бүгінгі жағдайдан кейін енді оның қаржы аударуға құлқы жоқ.

«Бүкіл қала көріп отыр ғой, қандай үй екенін. Енді өмір бақи осы екі бөлмелі үйде тұрмаймыз. Кішкене көбею керек. Сата аламыз ба, сата алмаймыз ба, білмеймін», - дейді қала тұрғыны Әсел Тоқтарханқызы.

Қалалық құрылыс бөліміндегілердің де бұл мәселеге қатысты басы қатып жүр. Тіпті тұрғындарға не дерін де білмейді.

«Қазіргі уақытта көрініп тұр. Техникалық тексеру жасалғандықтан толығымен біле аламыз. Ол шешім сараптама ұйымына байланысты», - деді Өскемен қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Мерей Әкімжанов.

Кепілдік мерзімі аяқталмаған үйге екі бірдей тәуелсіз сараптама тағайындалды. Біріншісі тұрғындар тапсырысымен жасаса, екіншісін мердігер мекеме жалдайды.

«Тұрғындар өздері аккредитациясы бар компания іздеп тауып, олармен келісімшарт қойылып жатыр. Дегенмен осы адамдарға жүк болмасын деп оның ақысын біз өзіміз мойнымызға алып отырмыз», - деді мердігер мекеме директоры Мақсат Шакиров.

Мамандар көпқабатты үй қабырғасының жарылуын топырақтың отыруымен түсіндіреді. Бірақ нақты себебі сарапшылардың тексеріс жұмыстарынан соң белгілі болады. Баспананың тұруға жарамды не жарамсыз екеніне қатысты да солар шешім шығарады.

 
Серіктес жаңалықтары