Вакцина паспортын сатып алғанын мойындаған павлодарлық көз жұмды
Өкпені жасанды желдету аппаратында 18 күн жатқан науқастың денсаулығы күрт төмендеген
Павлодарда вакцина паспортын сатып алғанын мойындаған 60 жастағы әйел қайтыс болды. 27 шілдеде дене қызуы көтерілген науқас арада екі күн өткеннен кейін (29 шілдеде) дәрігерлерге жүгінген.
«Науқас 18 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, ауруханада жатты. Науқастың жағдайы тұрақсыз болды. Оған толық ем көрсетілгеніне қарамастан, жағдайы біртіндеп нашарлады. Жүрек қызметін қалпына келтіру мүмкін болмады. Өкінішке қарай, науқас бүгін қайтыс болды», - деп хабарланды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетсек, бұған дейін әйел адамның жансақтау бөліміне коронавирус белгілері бар пневмониямен түскенін және вакцинация паспортын сатып алғанын мойындағаны айтылды.