Елордада қоғамдық көліктің ішінде қызға тиіскен 46 жастағы ер адам ұсталды

Бұл оқиға жайлы бойжеткен өзінің парақшасына жазба жариялаған болатын

Елордада қоғамдық көліктің ішінде қызға тиіскен 46 жастағы ер адам ұсталды
Фото: скриншот

Елордада қоғамдық көлікте бойжеткенге тиісіп, халықтың ашуын тудырған ер адам полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Бұл оқиға жайлы бойжеткен өзінің Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялаған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жазба авторының айтуынша, автобуста ер адам оған әдейі тиісіп, әдепсіз әрекеттер жасаған.

«Мен бөксеме бір нәрсенің үйкелгенін сездім. Артыма бұрылып қарасам, оның қолын көрдім. Бұл автобустағы адам көптігінен болған кездейсоқ жанасу емес еді. Ол мені сипалап тұрды. Мен бірден бұрылып, одан алшақтадым да, оған: «Ұятсыз!» дедім.», – дейді бойжеткен.

Ол өз жазбасында айналасындағы куәгерлердің әрекетсіздігіне және бұрынғы жағымсыз тәжірибесіне байланысты полицияға сенімсіздік білдіргенін жазды. Дегенмен ол бұл жағдайды жасырмай, көпшілікке жария етуді жөн көрген.

Әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг барысында құқық қорғау органдары аталған хабарламаны бірден назарға алды. Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында 46 жастағы ер адам ұсталды. Сондай-ақ ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта жиналған іс-материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.