Астанада әйелді жұмыс орнына дейін аңдыған мас еркек 10 тәулікке қамалды
Астанада мас ер адам әйелді аялдамадан жұмыс орнына дейін аңдып, телефон нөмірін талап еткен. Сот оны 10 тәулікке қамауға алды
Астанада мас күйде бейтаныс әйелдің соңынан қалмай, оған тиісіп, телефон нөмірін сұраған ер адамға сот әкімшілік жаза тағайындады. Ол 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда сотына сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 12 қазанда таңғы сағат 08:10 шамасында болған. Азамат А. қоғамдық орында мас күйде жүріп, бейтаныс әйел Ж.-ның соңынан ерген. Ол әйелді қоғамдық көлік аялдамасынан бастап жұмыс орнына дейін аңдып, қайта-қайта телефон нөмірін сұраған әрі әдепсіз әрекеттер жасаған.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындады. Оның құқық бұзушылыққа қатысы іс материалдары, берген түсініктемесі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, бейнежазбалар және жәбірленушінің арызы арқылы расталды.
Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Сот құқық бұзушылықтың сипатын, ер адамның мас күйде болғанын, әйелді ұзақ уақыт бойы аңдығанын және оның жеке басына қол сұққанын ескерді. Нәтижесінде азамат А. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.