Талдықорғанда TikTok-та балағат сөз айтқан әйелге айыппұл салынды

Оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды

Талдықорғанда TikTok-та балағат сөз айтқан әйелге айыппұл салынды
Фото: облыстық ПД

Жетісу облысының полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әлеуметтік желілердегі құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша кезекті рейдтік мониторинг жүргізді. Тексеру барысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған жергілікті тұрғын анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция мәліметінше, Талдықорған қаласының 35 жастағы тұрғыны Ерменбетова Анеля Маратовна желідегі тікелей эфир кезінде спирттік ішімдік ішіп, көрермендерге қаратып бейәдеп, балағат сөздер айтқан.

Тәртіп сақшылары желідегі бұзақылықты байқаған бойда әйелдің жеке басын жедел түрде анықтап, жауапқа тартты.

Желіде қоғамдық тәртіпті бұзған азаматшаға қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды. Сот шешімімен құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК)мөлшерінде айыппұл салынды.

Жетісу облыстық Полиция департаменті әлеуметтік желілер заңсыз әрекеттер үшін жауапкершіліктен босатпайтынын қатаң ескертеді.

«Көпшілікке қолжетімді тікелей эфирлерде де заң талаптары мен қоғамдық тәртіп нормалары толық сақталуы тиіс. Әрбір азамат қоғамдық орындарда да, интернет кеңістігінде де өз әрекеті үшін жауапты», – деді полицейлер.