Есірткі тасыған екібастұздық таксист түрмеге қамалды

Таксист төрт жылға бас бостандығынан айырылды

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпарат жариялады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Кінәліге қатысты сот үкімі шығып, таксист төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

«Екібастұз тұрғыны құқық қорғау органдарының назарына түсті, ол жеке тасымалдаумен айналысып, өз көлігінде есірткі заттары бар үш брикет пен бір полиэтилен пакетті тасымалдады. Алынған заттарға сот-химиялық сараптама тағайындалды, алынған заттардың жалпы салмағы 12 келіден асатын кептірілген марихуана екендігі анықталды. Сот арқылы Екібастұз қаласының тұрғыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Айта кету керек, жыл басынан бері полицейлердің үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде заңсыз айналымнан 73 келіден астам есірткі заты, оның ішінде 4 келіден астам гашиш, 67 келіден астам марихуана тәркіленді.

27 есірткі қылмысы анықталды, 48 адам сотталды, есірткімен заңсыз операциялар жасағаны үшін 65 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.