Полицей 8 жасар баламды ұрып-соқты – Шымкент тұрғыны
Полиция қызметкеріне қатаң сөгіс берілген
Шымкентте сегіз жасар баланың анасы полицияға жүгінді. Айтуынша, ұлы ойнап жүріп, қатарластарымен сөзге келіп қалған. Алайда балалардың бірінің әкесі оның ұлына қол көтерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ер адам осылайша баланы жөнге салмақ болған көрінеді. Алайда қатты соққылардан кейін оқушы ауруханадан бір-ақ шыққан.
Көпбалалы ана ойын алаңында болған оқиға туралы әлі күнге дейін қорқынышпен айтады. Екі ай бұрын сегіз жасар баласы қатарластарымен ұрысып қалыпты. Олардың бірі әкесіне шағымданған. Ал ол балаларды татуластырудың орнына Ұлбосын Усманованың ұлын соққыға жыққан.
«Бұл оқиға шамамен екі ай бұрын болды. Мен есік алдында бір жасар балама қарап отырдым. Ал 8 жасар ұлым скейт теуіп жүрген. Ойын алаңында көршінің баласы оған тас лақтырып отырған. Осыдан кейін ұлым шыдай алмай, оны жай ғана ұрып қалды. Бірақ артынша бәрі орнына келіп, балалар ойнауды жалғастырған еді. Кенеттен көрші ер адам келіп, менің ұлымды басынан ұрып, жерге құлатты. Сосын тепкілей бастады. Маған көршім келіп ұлымды ер адам ұрып жатыр деп айтқаннан кейін мен де араластым. Бірақ, ұрысқан жоқпын, мен оның ұлыма ескерту жасай алатынын айттым, мысалы, оның құлағынан тартып дегендей. Бірақ, оны ұрмаңыз немесе теппеңіз дедім», - дейді зардап шеккен баланың анасы Ұлболсын.
Ұлболсын Усманованың айтуынша, бала түнде өзін жайсыз сезініпті. Бүкіл денесі сыздап, басы қатты ауырған. Содан жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
Алайда балаға қол көтерген ер адам кінәсін мойындамай, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр. Баланы да, оның анасын да көрмегенін айтады.
«Мен бұл жағдай туралы білмеймін, тіпті естімедім де. Бұл жерде жұмыспен жүрмін. Өзім Тұран шағынауданында тұрамын», - дейді ер адам.
Полиция департаментіндегілер бұндай жанжалдармен айналыспайтындарын жеткізді. Істі өзіндік қауіпсіздік басқармасы қарап жатыр екен. Сотқа дейінгі тексеру де болыпты. Алайда, сараптама нәтижесі бойынша іс тоқтатылған.
«14 шілдеде бізге сот -медициналық сараптама қорытындысы келді. Баланың ешқандай жарақат алмағаны белгілі болды. Бұл ұрып-соғу белгілері мен іздері болмағанын білдіреді. Осыған байланысты Усманованың өтініші бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз болған жоқ. Алайда, қызметтік тексеру тағайындалды. Тексеру кезінде Нұрлан есімді полиция қызметкері, полиция аға лейтенанты Нұрлан Аребаев болып шыққаны анықталды», - дейді Шымкент қалалық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Қымбатбек Қойлан.
Погонды қызметкердің этикалық кодексті бұзғаны үшін полиция департаментінің аға лейтенанты қатаң сөгіс алды. Бірақ ұлымды соқты деген әйел бұл нәтижеге риза емес. Оның айтуынша, қазір балалары үлкендердің қарауынсыз аулаға шығуға қорқып қалған.