СҚО-да белгісіз аурудан мал қырылып жатыр

Белгісіз індеттен әсіресе, Уәлиханов ауданына қарасты Мортық ауылының тұрғындары зардап шегіп отыр

Солтүстік Қазақстанда белгісіз аурудан мал қырылып жатыр. Мамандар ірі қара қарасан ауруына шалдығуы мүмкін деп болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Skifnews-ке сілтеме жасап.

Белгісіз індеттен әсіресе, Уәлиханов ауданына қарасты Мортық ауылының тұрғындары зардап шегіп отыр. Айтуларынша, қазірдің өзінде аурудан оннан астам ірі қара өлген. Арасында 3-4 айлық бұзаулар мен тайыншалар бар.

Ауру жұқтырған малдың алдымен артқы аяғы ақсап, кейіннен денесінде ісік пайда болады. Ал, кейбірінің іші кеуіп, бір тәулікке жетпей сеспей қататын көрінеді. Тұрғындар өлекселерді өртеуге көшкен. Өйткені адамға жұға ма деп қауіптенеді.

Ал, облыстың ветеринария мамандары әзірге мал неден қырылып жатқанын анықтай алмай отыр. СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайырлы Қазановтың айтуынша, ірі қара қарасан ауруына шалдыққан болуы мүмкін.

«Мал дәрігерлері тексеріс жүргізіп жатыр. Әзірге малдың неден өліп жатқаны белгісіз. Өйткені, өлекселерден 2-3 сағаттың ішінде паталогиялық талдау алынбаған. Қазір ірі қара өртелген аумақ толық залалсыздандырылды», - деді Қайырлы Қазанов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.