ШҚО-да анасымен ұрысып қалған ер адам өзіне қол жұмсамақ болды
Ол суицид жасайтынын WhatsApp мессенджері арқылы хабарлаған
ШҚО-да Жаңа Бұқтырма кентінің полицейлері ер адамды суицидтен құтқарды. Тәртіп сақшыларына елордалық 66 жастағы тұрғын хабарласып, ұлының аталған кентте жоғалғаны туралы айтқан.
Тексеру барысында өтініш беруші отбасымен бірге Бұқтырма су қоймасында орналасқан «Сказка» демалыс базасына келгені анықталды. Демалыс кезінде анасы мен 45 жастағы ұлы арасында ұрыс-керіс болып, содан кейін ер адам жеке автокөлігімен белгісіз бағытқа кетіп қалғаны анықталды. Біраз уақыттан кейін ұлы анасына WhatsApp мессенджеріне өзін-өзі өлтіру ниеті туралы хабарлама жіберген.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жаңа Бұқтырма кентінің полиция қызметкерлері 40 минут ішінде көгілдір Шығанақтың маңында таудан асу арқылы өз-өзіне қол жұмсамақ болған мас күйіндегі ер адамды тауып алды», - делінген ШҚО Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Көп ұзамай ер адам Жаңа Бұқтырма кентінің полиция бөлімшесіне жеткізілді, онда онымен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, артынша аман-сау жақындарына тапсырылды.