Алматыда даяшыға қол көтерген азамат ұсталды
Қазір ол тергеу әрекеті үшін Медеу аудандық полиция бөліміне жеткізілді
Алматы қаласы полиция Департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Абдрахманов 28 шілде күні қаладағы кафелердің бірінде болған жағдайға қатысты баяндады.
«Кеше интернетте үстіне сусын төгілген мейманның даяшыға қол жұмсағаны туралы видео тарады. Біз бірден іздестіруге кірісіп, қол көтерген азаматтың жеке басын анықтадық. Бүгін 1992 жылы дүниеге келген У. есімді азамат ұсталды», - деп жазды ол.
Қазір ол тергеу әрекеті үшін Медеу аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Ол әрекеті үшін жауапқа тартылады.
Даяшыға қол көтерген 29 жастағы Уразгалиев Данияр Анатольевич әрекеті үшін кешірім сұрап, оқиғаның 25 шілдеде болғанын айтты.
«Сағат 10-да таңғы ас ішуге келдім. Даяшы байқамай үстіме кофе төгіп алды, сол үшін қол көтердім. Бірақ қатты ұрған жоқпын. Бірақ, бәрібір мұндай әрекеттің жат екенін түсінемін. Болған жайт үшін көпшіліктен, жәбірленушіден кешірім сұраймын», - деді ол.