Алматы әуежайында жалған ПЦР-анықтамамен Түркияға ұшпақ болған жігіт пен қыз ұсталды

ІІМ әуежайлар мен темір жол вокзалдарында жолаушылардың ковид-мәртебесін тексеруді күшейтті

Алматы әуежайында жалған ПЦР-анықтамамен Түркияға ұшпақ болған жігіт пен қыз ұсталды

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ПЦР анықтамаларын және вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша барлық шаралар қабылдауда.

​Жыл басынан бері ішкі істер органдары жалған ПЦР-тесттерін сату және пайдалану бойынша 45 қылмыстық іс және вакцинация паспорттарын сату және пайдалану бойынша 35 қылмыстық іс қозғалды.​Еліміздің әуежайлары мен темір жол вокзалдарында азаматтардың ковид-мәртебесін Ashyq қосымшасы арқылы тексеру, сонымен қатар ПЦР-тест және вакцинация паспорттарының шынайылығына тексеру күшейтілді.​

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда көлік полицейлері әуежай қызметкерлерімен бірлесіп, Түркия мемлекетінде демалуға ұшып баруды жоспарлап, ПЦР-анықтаманы және билеттерді бейтаныс адамнан сатып алған жігіт пен қызды анықтады. Сондай-ақ ол жалған ПЦР-тест анықтамасын пайдалана отырып, Беларусь еліне ұшпақ болған Шымкент қаласының тұрғынының ұсталғандығы туралы фактіні де айтты.

«Олар ұшуға жіберілген жоқ. Осы аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 385-бабының 3-бөлігімен (көрнеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деді О. Бекеев.

ІІМ жалған құжат дайындағаны үшін төрт жылға дейнгі бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін және оны пайдаланғандар үшін 40 тәулікке дейін қамаққа алу түріндегі жаза көзделгенін ескертеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.