Шымкентте адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші 20 күннен кейін ұсталды
Ер адам ауруханада көз жұмды
Шымкентте 60 жастағы ер адамды көлігімен қағып, өзі оқиға орнынан қашып кеткен 30 жастағы азамат ұсталды деп жазады Tengrinews.kz. Жәбірленуші ауруханада көз жұмған.
Оқиға биыл 6 шілдеде Қазыбек би көшесінің бойында болған. Toyota маркалы автокөлік егде жастағы ер адамды қағып, оқиға орнынан ізін суытқан болатын. Артынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағымен қылсмыстық іс қозғалды.
«26 шілдеде шұғыл іздеу шаралары барысында Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында ол өзіне тағылған айыпты мойындады. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал, оның көлігі айып тұрағына қойылған. Тиісті сараптама тағайындалды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді полицейлер.
Айта кетейік, бұған дейін марқұмның қызы әлеуметтік желілер арқылы әкесін қағып кеткен адамды іздеген болатын. Артынша оның ағасы да әлеуметтік желілер арқылы полицияның әрекетсіздігіне шағымданған.