Батыс Қазақстан облысында дауылды жел 5 ғимараттың шатырын жұлып кетті
Абырой болғанда, адам шығыны жоқ
Батыс Қазақстан облысында қатты дауыл соғып, екі елдімекендегі бес ғимараттың шатырын жұлып әкетті. Бір сәтте төбесі қақыраған нысандардың ішінде ауылдық балабақша мен мәдениет үйі де бар деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, желдің жылдамдығы секундына 26 метрге дейін жеткен. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Он шақты жыл бұрын салынған ғимараттардың шатыры не себепті желге ұшқанын енді арнайы құрылған комиссия тексереді.
«Қазіргі таңда оқиға орнында жергілікті атқарушы органдармен комиссия құрылды. Комиссияның құрамына біздің төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері қатысады. Қаражат бөлу бойынша комиссияның отырысында шешілетін болады. Төлеуге жата ма, жатпай ма, сол уақытта шешіледі. Ол жергілікті комиссияның құрамымен шешіледі», - деді БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсанов.