Атырауда вакцинадан талып қалған азаматты полиция ұстап әкетті
Екпе алғанда есінен танып қалған азамат әкімшілік жазаға тартылатын болды
Атырауда екпеден кейін есінен танып қалған Өзбекстан азаматын полиция ұстап әкетті. Оған «Өтірік талып, жұртты дүрліктірді» деген айып тағылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сондықтан ол уақытша тергеу абақтысына жабылды. Тіпті вакцина салған дәрігерлер 22 жастағы азаматты сотқа беріпті.
Вакцина алғаннан кейін сіресіп қалған Өзбекстан азматына қатысты тұрғындар арасында екіұдай пікір қалыптасты. Дәрігерлердің айтуынша, екпеден соң ересек жігіт мейірбикелердің бақылауында болған. Кейін өзінің жұмыс берушісін ертіп келіп шу шығарыпты.
«Паспортты бір күннен соң, расталғаннан кейін дайын болады дедік. Ертең келе қойыңыздар деп. «Жоқ, өтірік істейсіздер, мына жерден алмаңыздар» деп қаншама кісіні үгіттеді. Базада жоқ боп кетеді, мына жерден алсаңыздар дұрыс емес деп, әйел адам неше түрлі сөз айтып, қорқытып-үркітпек болды. Қазақ әйел адам, манағы Өзбекстан азаматы «Менің жұмысшымды осындай қылдыңдар, мен сіздерді видеоға түсіремін, осы пунктті жапқызамын» деді», - дейді Атырау қаласының №3 емхананың дәрігері Айгүл Үсенбаева.
Осы қылығы үшін шетелден келген мигрант қамауға алынды. Қазір оның екпеден кейін расымен де денсаулығы сыр берді ме, әлде өтірік талып қалды ма, сол жағы анықталып жатыр.
Алайда вакцина алған азаматтың есінен танып қалғанын куәгерлер растап отыр. Полиция өзге елдің азаматын өзекке теуіп, болған оқиғаны жасырып бағуда дейді.
«Ұят қой! Адам баласы шынымен талып қалды. Ұят қой, өтірік деп! Өтірік емес, бәрі шын. Денесінің бәрі сіресіп қалды. Қырғын адам көрді ғой. Бәріміз сипап жатырмыз. Оянады, кері талып қалады, кері сіресіп қалады. Солай төрт рет болды. Жедел жәрдемге соқтық, қайта-қайта, үш рет. Сосын ғана келді де алып кетті», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Мұхтар Мәулетов
Орталық базарда сауда-саттық жасайтын өзге шетелдіктер де вакцина алудың қиын екенін айтады. Ақ халаттылар бізді менсінбей, ар-намысымызға тиеді дейді Әсел Қисметова.
«Сен қалпақсың ба? Кімсің маған?» Солай ар-намысыма келетін сөздер айтты. Сол кезде мен «Кім болайын, қазақ болайын, қалпақ болайын, айырмасы қанша? Ең бастысы, адамның жағдайын қарамайсыз ба? Сіз қан қысымын өлшедіңіз бе? Вакцина беріп жатқан соң анықтама неге бермейсіз» деп айттым. Әңгіменің бәрі содан шығып кетті», - дейді сатушы Әсел Қисметова
Енді екпе алып есінен танып қалған азамат әкімшілік жазаға тартылады. Осы оқиғадан кейін базардағы барлық сатушылар екпе алудан жүрексініп қалған. Өйткені вакцинаның кері әсері болса, бізді де қамап тастай ма деп қорқады.