Еуропаның бірнеше қаласы су астында қалды: 100-ден астам қайтыс болды
Ең үлкен шығын Германияға келген

Еуропаның бірнеше елінде нөсер жауын салдарынан су тасқыны болып жатыр. Германияның өзінде табиғи апат салдарынан 93 адам қайтыс болған. Бұл туралы РИА Новости жазды.
Бұған дейін елде 81 адамның тілсіз жау құрбаны болғаны туралы айтылған еді. Бір ғана Рейнланд Пфальц федералды жерінде 50 адам көз жұмса, көрші Солтүстік Рейн-Вестфалияда 31 адам ажал құшты. Бұл статистика уақыт сайын өзгеріп жатыр. Өйткені із-түссіз жоғалғандар саны өте көп.
«Бернд» циклоны Батыс Еуропа елдеріне нөсерлі жауын әкелді. Германиядағы Рейн өзені арнасынан асып, жағасындағы елдімекендердің көбін су шайған. Рейнланд-Пфальц жеріндегі Арвайлер ауданында алты бірдей үй қирап қалған. Тағы бірнеше үй апатты жағдайда тұр.
Жауыннан кейін көпірлер мен жолдар қирап, елдімекендер электр энергиясыз қалды. Сондай-ақ, ауыз су мәселесі де өте өзекті болып тұр. Айфель тауының етегінде орналасқан барлық елдімкенде мектептер жабылған.
Осы уақытта Германия канцлері Ангела Маркель АҚШ президенті Джо Байденмен бірлескен баспасөз конференциясын өткізді. Ол табиғи апаттан келген шығынды тек алдағы күндері есептей алатынын жеткізді. Сондай-ақ, Меркель қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты. Оның сөзінше, қазір құтқарушылар аса қиын жағдайда зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр.
Су тасқыны Бельгия мен Нидерланды елдерінде де болды. Бельгиялық LeSoir басылымының жазуынша, елде табиғи апат салдарынан 15 адам қайтыс болғанр. 4 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында.
Жауыннан ең көп зардап шеккен провинциялар: Льеж, Намюр және Валлнский Брабант. Сондай-ақ, Люксембург, Антверпен, Фламандский Брабант провинцияларында да материалдық шығын аз емес. Мұнда жүздеген үй бұзылып, жолдарды су шайып кетті.