Павлодарда жалған вакцина паспортын жасаған дәрігерлер ұсталды
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Павлодар емханаларының бірінде жалған вакцина паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды. Жедел іздестіру шараларын облыстық ҰҚҚД мен ПД қызметкерлері бірлесе жүргізген.
«Меңгеруші, жалпы практика дәрігері, сондай-ақ осы емхананың екі медбикесі белгілі бір ақша сомасына вакцинацияланғандардың деректер базасында жалған тіркеуді жүзеге асырды деп күдіктелуде. Тергеу барысында медицина қызметкерлері 200 - ден астам жалған вакцинация паспорттарын жасағандығы анықталды», - деді Павлодар облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 385-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Мән-жайлар анықталуда.
Қазақстанда жалған вацкина паспортын жасау фактілері жиілегені аңғарылады. Жыл басынан бері полиция органдары барлығы 86 қылмыстық іс қозғады. Оның 39-ы вакцинация паспорттарын және 47-сі ПТР-анықтаманы қолдан жасауға қатысты.
Ішкі істер министрлігі және жергілікті полиция департаменттерінде жалған вакцина паспорттарын сату жөніндегі хабарландыруларды қабылдап, тексеретін тұрақты мониторинг топтар жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған вакцинация паспортын немесе ПТР-анықтама сату туралы 62 хабарландыру анықталды. «Саудагерлер» туралы ақпараттар бұғатталды. Тәртіп сақшылары «вакцина пасортын сатамын» деп азаматтарды тақырға отырғызатын алаяқтар да кездесуі мүмкін екендігін тілге тиек етті. Заңсыздықтың алдын-алу мақсатында вакцина салу пункттерінің жұмысы тексеріске алынды.
ҚР заңнамасына сәйкес жалған вакцина паспортын жасағандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Эльмира Мәмбетқызы