Павлодарда жыл басынан бері 4 бала терезеден құлап, екеуі көз жұмды
Қалада балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілеп кетті
Павлодарда жыл басынан бері 4 бала терезеден құлап кетті. Полиция қызметкерлері ата-аналардан қайғылы жағдайдың алдын алу үшін балалардың қауіпсіздігіне назар аударуды сұрайды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылы көпқабатты үйлердің терезелерінен 4 бала құлап түскен. Өкінішке орай, олардың екеуі қаза тапқан.
"Терезеден құлау - жылдың жылы мезгілінде балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Әсіресе 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті. Балаларыңыздың қауіпсіздігі мен қайда жүргенін қадағалаңыз. Олардың қауіпсіздігі тек сіздерге байланысты", - деп атап өтті Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Данияр Бек.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін полицейлер келесідей кеңес береді:
- - егер үйде бала болса, ешқашан терезелерді ашық ұстамаңыз.
- - бала көтеріле алмайтындай етіп жиһазды терезелерден алыстатыңыз.
- - ешқашан москит торларына үміт артпаңыз, олар құлаудан қорғауға арналмаған.
- - мүмкіндігінше терезелерді жоғарыдан ашыңыз.
- - бала терезені өз бетінше аша алмайтындай етіп терезелерге блокираторлар орнатыңыз.
- - терезе торларын орнатыңыз.