Алматы облысында 19 жастағы бойжеткенді жақын танысы зорлап кеткен
Жәбірленуші істің жылы жабылып кетуінен қорқады
Алматы облысының Іле ауданында тұратын 19 жастағы бойжеткен танысынан зорлық көргенін айтып, полицияға шағымданған. Алайда, өзіне зорлық көрсеткен ер адамның полицияда туысы жұмыс істегендіктен, іс жылы жабылып кете ме деп қорқады. Сондықтан ол журналистерге болған жайттың мән-жайын айтып берді деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Күдікті 35 жаста. Ол осы отбасының мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста. Бұған дейін зорланған қыздың ағасын көлігімен жиі тасымалдаса, осы жолы бойжеткеннің өзін жеткізіп тастамақ болыпты. Алайда, ауыл шетіне шыққанда оған күш көрсетіп, зорлап тынған екен.
Қыздың ата-анасы болған жайтты туыстары біліп, масқара боламыз ба деп қауіптенеді.
«Оның аты – Бекжан. Біздің отбасымен бұрыннан араласады. Мұндай болады деп кім ойлаған? Әдетте қызым жұмыстан шыққанда телефон арқылы хабарласатын. Осы жолы онымен байланыса алмадық. Кейін өзі ағасына жылап хабарласты. Біз оны ауылдың шетінен тауып алдық», - дейді жәбірленушінің әкесі.
Оқиға болғаннан кейін бойжеткен полицияға арыз жазған. Алайда, күдіктінің полицияда жұмыс істейтін туысы келіп, істі ақшамен шешуді ұсыныпты: өтемақы ретінде 1 миллион теңге ұсынған.
«Несиеге 1 млн теңге алдым, осыны алып кешірім беріңдер, ары қарай өзім шешемін деп айтты. Артынан әулеттің үлкендерін алып келіпті. Олар жыларман болып кешірім сұрады, отбасының бұзылғанын, әйелінің тастап кеткенін айтты. Бірақ, қыздың әкесі ақшаға сатылмайтынын кесіп айтты», - дейді жәбірленген қыздың туысы.
Қазір күдікті қолхатпен үйіне жіберілген. Полицейлер оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын және іс бақылауда екенін айтумен шектелді. Ал, қыздың әкесі күдіктіге ауыр жаза қолдануды талап етіп отыр.