Түркістан облысында балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Түркістан облысының полицейлері балықты заңсыз аулаған браконьерлерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс АПБ-нің кезекші бөліміне Көксарай су қоймасы қорығынан екі азаматтың балықты заңсыз аулап жатқан жерінен ұсталғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында, Арыс және Ордабасы ауданының тұрғындары өздерінің Ауди 100 көлігімен келіп, заңсыз балық аулағандары белгілі болды. Көлікті қарау барысында ішінен айғақты зат ретінде 350 келіге жуық түрлі балық, екі дана қайық, әрқайсысы 100 метрден болатын төрт дана қытай торы табылып, тәркіленіп алынды. Заңсыз балық аулаған жігіттер істің мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Бүгінгі таңда екі күдікті азаматтың бас шарасы “қолхатта”. Ал көлік айыптұраққа қойылды. Балықтар болса, Шардарадағы балық фирмасына өткізілді.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық ауламауға, сондай-ақ кез келген Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоймауға кеңес береді. Сонымен қатар азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға, табиғатты аялауға және браконьерлік пен табиғи ресурстарды заңсыз өндіру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын есте сақтауға шақырады.