$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.07.2021, 11:11
Оқиғалар

Алматылық полиция дәретхана шұңқырына түсіп қайтыс болған балалардың әкесін қалай құтқарғанын айтты

Қайғылы оқиға 30 маусымда Наурызбай ауданында болған

Алматыда қайтыс болған үш адам тереңдігі 1,5 метрлік нәжіске батып кеткен. Патрульдік полиция шұңқырға түсіп қайтыс болған балалардың әкесін ғана құтарып үлгергенін бұған дейін жазған болатынбыз. Оқиға кешкі сағат сегіздер шамасында болған. Бір үйдің төрт адамы өмір үшін жанталасып жатқанда, өзге адамдар қарап тұрған, деп хабарлады Алматының Полиция департаменті.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, дәретхананың тереңдігі 3 метр. Оның жартысы лас қалдыққа толы болған. Адамдарды құтқару үшін полицейлер де дәретхана шұңқырына түскен.

«Кезекші жедел уәкілден қоңырау түскеннен кейін бірнеше минуттан соң біз оқиға орнында болдық.  Сырттағы дәретханаға бірнеше адамның құлап кеткені туралы бізге хабарланды. Оның қорабы алынып тасталды, шұңқырға баспалдақ түсірілді.  Бірінші болып төменге полиция капитаны Мұрат Кәкібеков түсті. Біз баспалдақ пен оның қолынан қатты ұстадық. Тереңдігі шамамен 3 метр, ол 1,5 метр деңгейінде толған. Мұрат ер адамның қолынан ұстап үлгерді. Оны шығарып алды. Капитан Кәкібековті бірден полиция аға лейтенанты Мадияр Төлембаев ауыстырды. Ол бір жасар қызды тауып, шығарып алды. Өкінішке қарай, бала қайтыс болды. Осы кезде құтқарушылар келді. Олар 66 жастағы әйел мен 12 жасар баланың денесін шығару үшін арнайы құралдарды қолданды. Отбасы үшін ауыр, орны толмас қайғы», - деді патрульдік полиция полкінің взвод командирі, полиция капитаны Асыл Разбек.

Балалардың әкесі 41 жастағы жігіт. Ол өзінің анасы мен екі баласын құтқару үшін нәжіске секіргенмен, жиналған улы газдан есінен танып қалған. Құтқарылған ер адам ес-түсіз күйінде шұғыл ауруханаға жатқызылды. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Оқыс оқиға орын алған сәтте сол маңда өзге де адамдар болған. Куәгерлердің сөзінше, селқостық танытқан адамдар көмекке бірден келе қоймаған.

«Қайғылы жағдайдың бейнесін қалпына келтіру барысында, кешке үйдің ауласында ойнап жүрген бір жасар қыздың байқаусызда көшедегі дәретханаға түсіп кеткені анықталды. Мұны көрген оның 1955 жылғы әжесі мен 12 жасар інісі көмекке жүгіріп келді, олар сәбиді шығарғысы келді, бірақ, шұңқырға түсіп кетті. Содан кейін балалардың әкесі көмекке келді – 1980 жылы туған К.есімді азамат.  Дәретхана жәшігін лақтырып жіберіп, кәріз құдығына түсіп кеткен балалары мен анасын сол жерден шығаруға тырысқан. Алайда, ол да есінен танып қалды», - деді Наурызбай аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дидар Аханов.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 30 маусым күні Наурызбай ауданына қарасты Абай ауылында болған. Дәретхана шұңқырына 1 жасар қыз, оның 12 жасар ағасы мен 66 жастағы әжесі түсіп кетіп қайтыс болды. Балалардың әкесі де шұңқырға түскен. Қазір ол ауруханада ауыр халде жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары