ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Павлодар облысында жылқысын суармақ болған жасөспірім көз жұмды

Қайғылы жағдай Баянауыл ауданында болған

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында жылқысын суармақ болған жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  29 маусым күні сағат 21.13-те Баянауыл ауданының полициясына ауылдық округ әкімінен жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен. 

«Сағат 21.00-де 2006 жылы туған кәмелетке толмаған  бала Жаңатілек ауылынан 5 шақырым жердегі Ащысу өзені маңында сыныптастарымен бірге атқа мініп серуендеп жүргені анықталды.  Жылқыға отырған жасөспірім жылқысын суарып алмақ болып, суға кірген. Алайда құлап түсіп, суға батып кеткен. Жылқы жағаға қашып шыққан. Сыныптасы ересектерді көмекке шақырған. Өкінішке орай,  оқиға орнына жеткен әкесі баласына көмек көрсете алмады», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Айта кету керек, жазғы кезеңнің басынан бастап Павлодар облысының су айдындарында үш кәмелетке толмаған бала суға кетіп қайтыс болды.