Түркістан облысында досын көлікпен сүйреген жүргізуші жауапқа тартылды
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жігітке қатысты хаттама толтырылды
Түркістан облысында көлікпен досын сүйреген жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Түркістан облысының патрульдік полиция инспекторлары жол апатының алдын алу және болдырмау мақсатында әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп отырады. Осы бағытта жүргізілген кезекті қызмет барысында Instagram парақшалардың бірінде бір топ жігіттің теріс қылығы анықталды. Яғни ВАЗ-2114 автокөлігімен жас жігітті сүйреген достар арасында қандай да бір ойын ұйымдастырылып, оны бейнежазбаға түсірген. Осылайша құқықбұзушылық жасаған, авариялық жағдай туғызып, сондай-ақ жолаушы тасымалдау қағидасын бұзған жүргізушіні табу мақсатында тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде оқиға Түркістан қаласындағы көшелердің бірінде болғаны анықталды», - делінген ПД хабарламасында.
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі (Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүрісі қағидаларында көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) және 606-баптың 1-бөлігі (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) бойынша хаттама түзілді.