Түркістан облысында жыл басынан бері 20 бала суға батып кеткен
Соңғы 5 жылда өңірдегі су айдындарында 252 адам қаза тапқан
Түркістан облысында биыл жазатайым оқиғалар бойынша 27 адамның суға бату фактісі тіркелді. Оның 20-ы – жас балалар. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда, яғни 2016-2020 жылдары аралығында облыстағы су айдындарында жалпы 252 адам қаза болса, оның 140-ы балалар болған.
«Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – балаларды есік алдындағы суаруға арналған арықтардың жанында үлкендердің қарауынсыз қалдыру, балалардың шомылуға рұқсат етілмеген ауыл маңындағы каналдарға шомылуы, күннің суықтығына қарамастан тау ортасында орналасқан сарқырамаға түсіп, өз күштерін дұрыс бағаламауы», - деді Ерік Темірханұлы.
Бүгінгі таңда су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізу қарқынды ұйымдастырылуда.
Аудандық және қалалық төтенше жағдайлар қызметкерлері мен аудандық, қалалық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, 142 рейдтік жұмыстар жүргізіп, 85 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған.