ҚазГӨЗ-дегі өрт: әкімдік газбен қамтамасыз етуде қиындық туындамайды деп сендірді
Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ
16 маусым сағат 22:15-те Жаңаөзендегі Компрессорлық цехтың ауа тоңазытқышы конструкциясы өртенді. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Өрт салдарынан градирня конструкциясының бір бөлігі істен шықты, негізгі жабдыққа (компрессорлық жабдық) залал келмеді. Градирняны қалпына келтіру бойынша авариялық-жөндеу жұмыстары басталды.
ҚазГӨЗ-дегі өрт бойынша оқиғаны тексеру туралы бұйрық шығып, өрт салдарын жою бойынша жедел штаб құрылды. Зауыт жұмысы жақын арада толық қалпына келтірілетін болады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баппасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша ешқандай қиындық туындамайды. Зауыттың дайын өнім қоймаларындағы сұйытылған мұнай газының мөлшері өңірдің қажеттілігін шамамен екі тәулікке (шамамен 1,2 мың тонна) қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, өңірде сақтау базаларында сұйытылған газдың тағы үш тәулікке жететін қалдығы бар (шамамен 1,5 мың тонна).
Қажеттілік туындап жатса, Атырау мұнай өңдеу зауытынан өңірге сұйытылған газды баламалы жеткізуді жүргізуге мүмкіндік бар.
Ай сайын Маңғыстау облысына шамамен 18 мың тонна сұйытылған газ бөлінеді, оның ішінде ҚазГӨЗ-ден 14,5 мың тонна және АМӨЗ-ден 3,5 мың тонна. Бүгінгі күні жедел ақпарат бойынша ҚазГӨЗ-ден 8 мың тоннадан және АМӨЗ-ден 1,6 мың тонна астам сұйытылған газ жөнелтілді.