Алматыда кафе өртеніп кетті
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ
Алматыда кәуап шоғының кесірінен кафе өртеніп кетті. Алапат өрт түнде Розыбакиев көшесінің бойында орналасқан "BRASS PUB" кафесінде шыққан. Өрт бір қабатты ғимараттың кәуәпханасынан шығып, жапсарлас дүкеннің шатырына ұласқан. Өрт сөндірушілер жеткенше қызыл жалын жапсарлас орналасқан 3 қабатты әкімшілік ғимаратқа тиіп үлгерген.
«Дереу өрт оқпандары беріліп, автоцистерналар өрт гидранттарына орнатылды. Солтүстік, оңтүстік және батыс жағынан 3 өрт сөндіру учаске орналастырылды, адамдардың болуына барлау жұмысын және өрт ошағын анықтау газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары жұмылдырылды. 32 және 37 м өрт автобаспалдақтар арқылы лафеттік оқпандар берілді.
Өрт 00: 57-де ауыздықталып, 260 шаршы метр жалпы алаңда 01: 05-те сөндірілді»,- деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова.
Мамандардың шұғыл қабылдаған шараларының арқасында үш қабатты әкімшілік ғимарат пен "BRASS PUB" кафесінің жанып кетуіне жол берілмеді.
Оқиға орнына 19 бірлік техника, жеке құрамның 70-тен астам адамы жұмылдырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.