Елордада емтихан барысында зардап шеккен оқушыларға қатысты қызметтік тексеріс басталды
Кінәлілердің барлығы жазаланады
Елордада қосулы кварц астында емтихан тапсырған төрт оқушы ауруханаға жеткізілді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ұйымы 7 маусымда халықаралық бакалавриатқа емтихан тапсыру барысында бактерияға қарсы шамның қосулы күйде қалғанын растады.
«Қазір аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүріп жатыр. Кінәлілердің барлығы жазаланады», - делінген ұйымның ақпаратында.
Білім беру ұйымының хабарлауынша, 8 маусым күні медициналық тексеруден өту үшін барлық бала емтиханнан босатылған. Балаларды емдеу және оңалтуға байланысты барлық шығынды білім беру ұйымы өтейді.
2004 жылы туған үш бала және 2005 жылы дүниеге келген бір бала ауруханаға жеткізілгеннен кейін мамандардың тексеруінен өтті. Барлығының жеңіл деңгейде көз алмасы зақымданған (электроофтальмия). Мамандар оқушыларды тексеріп, кейін олар тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық ем алу үшін үйлеріне жіберген.