Күйеуіне 5 млн теңге аударған: Павлодарда есепшіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр

ЖШС бухгалтері қомақты қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді

Күйеуіне 5 млн теңге аударған: Павлодарда есепшіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда ЖШС бухгалтеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қала тұрғыны бухгалтер болып жұмыс істегені анықталған. Оның міндетіне бухгалтерлік құжаттарды орындау, тауарларға тапсырыс беру, тауарларға ақы төлеу, қызметкерлерге жалақы есептеу кіреді.

"Ол ай сайын фирманың 300-400 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын күйеуіне тиесілі карточкалық шотқа аударған және  картаны өзі пайдаланған. Ал басшылыққа жалған шот-фактуралар  ұсынған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 189-бабы, 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - деді полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рашад Өтеуов.

Талдау қортындысына сүйенсек, көп жағдайда қылмыстық құқық бұзушылықтың бұл түрін кассирлер, бухгалтерлер, қойма меңгерушілері, дүкен сатушылары, экспедиторлар, сарапшы бағалаушылар жасайды. Басшылық ұзақ уақыт бойы аудит жүргізбейді, өйткені олар жұмысшылардың  адалдығына сенім артады. Дегенмен, кей жағдайда  қоластындағы жұмысшылары  үмітті ақтамайды. 

"Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Полиция кәсіп иелеріне өз кәсіпорындарында, фирмаларында мезгіл-мезгіл түгендеу мен аудит жүргізуге кеңес береді. Сондай-ақ, тауарлар мен материалдарды сақтау орындарынында бейнекамералар орнатқан дұрыс", - дейді  Рашад Өтеуов.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері полицияда бөтен мүлікті талан-таражға салудың 29 фактісі тіркелді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.