$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.12.2019, 17:12
Оқиғалар

Ақтөбеде «оқушыны зорлады» деген күдікпен басқа адамның суреті тарап кеткен

Сегіз сағат тергеуде болған азамат желіде тарап кеткен ақпараттан кейін жақындарын сендіре алмай жүр екен

Ақтөбеде «оқушыны зорлады» деген күдікпен басқа адамның суреті тарап кеткен
Нұрлан Шандин

Ақтөбеде 9 жастағы жасөспірімді зорлады деп күдікке ілінген тұрғынның ауыр қылмысқа қатысы жоқ болып шықты. Сорақысы, ер адамның суреті қылмыскер ретінде желіге тарап кеткен, деп жазады Nur.kz .

Сегіз сағат тергеуде болған азамат үйіне қайта алмай отырғанын айтып, журналистерден көмек сұраған. Ол желіде тараған ақпараттан кейін жақындарын сендіре алмай жүр екен.

«Сол күні вахтадан қайтып, қалаға медициналық анықтама алу үшін келдім. Өзім отбасыммен Байғанинде тұрамын. Түскі сағат 12:25-те заттарымды вокзалдың жүк қоймасына тастадым. 

Өзім вокзал жанындағы дүкеннен сағыз алып, сол жерден автобусқа отырып, қарындасымның үйіне кетіп қалдым.

Түстен кейін ол жақтан шығып, телефонымды жөндеттім. Шаруаларыммен вокзал жақта жүргенімде, сағат 20.30-да полиция қызметкері ұстап алды.

Кешкілік ұстағаннан таңғы сағат 4-ке дейін қорқытты. Таңда «қателесіппіз, кешіріңіз» деп босатып жіберді.

Жарайды деп қоя салмақ болғанмын. Бірақ Instagram парақшаларында мен қылмыскер ретінде жүрмін.

Мен жазықсыз адаммын. Әлеуметтік желіге қыз зорлаған айуан деп менің суретімді салып қойған. Бұл жағдайдан кейін сотқа шағым түсіретін боламын», - дейді тұрғын Нұрлан Шандин.

37 жастағы азамат – төрт баланың әкесі. Ер адам енді туысқандарына өзінің ауыр қылмысқа қатысы жоқ екеніне айтып сендіре алмай, күйзеліп жүр.

«Мені қылмыскер деп ақпарат таратып отырған кім? Дәлелденбеген мәліметті таратып жібергендердің жазалануын сұраймын. Шешем мен қызыма қарайтын бет жоқ. Жұмыстан келгелі үйге әлі бара алмай отырмын. Шешем әлі түсінбей «Мен саған сондай тәрбие үйреттім бе?» деп отыр», - дейді көз жасына ірке алмаған азамат.

Облыстық полиция департаменті дәлелденбеген ақпаратты таратқандарға қатысты тексеріс жүргізіп жатқандарын айтты.

«Осы жағдайға қатысты өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр. Мәліметтерді таратқан адам анықталған жағдайда шара қолданылатын болады», - деді облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Ақтөбеде 12 желтоқсанда мектеп оқушысының зорланғаны туралы хабар тараған болатын.

Серіктес жаңалықтары