Ақмола облысында кісі өліміне қатысты күдікті қолға түсті
Күдікті жәбірленушінің 33 жастағы туысы болып шықты
Ақмола полицейлері кісі өліміне қатысты күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 маусым күні Зеренді аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне учаскелік инспектордан өңірдегі ауылдардың бірінде мәйіттің табылғаны туралы телефон хабарламасы келіп түскен.
Оқиға орнына келген тергеу-жедел тобы қылмыстың мерекелік дастарханнан кейін болғаны анықтады.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталды. Ол жәбірленушінің 33 жастағы туысы, осы ауылдың тұрғыны болып шықты, ол дәлелдемелер нәтижесінде кісі өлтіргенін мойындады», - делінген хабарламада.
Куәгерлердің айтуынша, қақтығыс кезінде тараптар ескі реніштерді есіне алып, кикілжің туындаған. Соның нәтижесінде қаскүнем туысының сол жақ кеудесіне пышақ жарақатын тигізген.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 99-бабының 1-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша өндіріс қозғалды.
Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.