Көтерем жылқы, жем-шөп тапшылығы: Маңғыстаудағы қуаңшылық шаруаларға ауыр соғып тұр

Облыста осы жағдайға қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды

Көтерем жылқы, жем-шөп тапшылығы: Маңғыстаудағы қуаңшылық шаруаларға ауыр соғып тұр
фотолар: facebook.com/torekenov.torekenov

Маңғыстау облысында қатты ыстық пен құрғақшылық салдарынан жылқылардың көбі көтеремге айналған. Әлеуметтік желі қолданушылары өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.

Бердімұрат Төрекенов Facebook желісі қолданушысының жазуынша, жақында Ақшымырауда айғайынды жігіттер жылқыларды қырға айдап, үш-төрт күнде жеткен. Жеткенше 3-4 жылқы өлген. Мұндай жағдай өңірдің басқа да жерлерінде кездесіп жатыр. Қызан ауылы мен Бозашы түбегіндегі жағдай да мәз емес. Жерде от жоқ, су тапшы, жем-шөп те жеткіліксіз.

Соңғы жылдары Маңғыстау облысында қуаңшылық белең алып, әсіресе биылғы жыл шаруаларға тым ауыр соғып отыр. Жауын-шашынның болмауы, тасымалданатын жем-шөптің жетіспеуі, ыстықтың ерте түсуі, мұның барлығы төрт түлік үшін кері әсерін тигізуде. Бұл жағдайды өңір басшылығы да мойындап отыр.

Өңірдегі шаруалардың жеке төрт түлігіне қажетті мал азығын қамдау үшін өткен аптада облыс әкімінің тапсырмасымен шұғыл жұмыстар қолға алынған.

Еліміздің өзге өңірлерінен жем-шөп сатып алып, шаруаларға үлестіру үшін «Каспий» ӘКК арқылы тиісті қаражат бөлінді.

Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан мал азығын жеткізу, жайылым мен шабындық жерлерді пайдалану бойынша Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарымен келіссөздер жүргізуде.

Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ғ.Ниязов бастаған жұмыс тобы Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандарына арнайы барып, нақты келісім-шарт жасады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.