$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.05.2021, 12:12
Оқиғалар

«Жарақат алған»: Шарын шатқалында сел ағызып кеткен қыз аман-есен табылды

2010 жылы туған қыз бала оқиға орнынан 3-4 шақырым қашықтан табылды

«Жарақат алған»:  Шарын шатқалында сел ағызып кеткен қыз аман-есен табылды

Шарын шатқалында сел ағызып кеткен оқушы қыз аман-есен табылды. Оқушыны бір күннен кейін инспекторлар тауып алған. 11 жастағы қызды лай су 3 км ағызып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Үлкен Шарын шатқалынан таңертең таптық. Ол аумақты кеше де аралағамыз, түн болып кеткен соң таңертең қайта келдік. Ол судың арғы беті, батыс жағында болды. Біз оған айғайлап, қозғалмай тұруды ескерттік. Денесінде жарақаттары болды. Дереу құтқарушы топқа хабар бердік. Тасқын ағызып әкеліп жағаға шығарып тастаған ба, айналма жерде үлкен тас бар екен, соның үстінде отырды», - деді Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Ермек Өмішев.

Инспектордың қасында экскурсавод Ернар Жүнісов пен бақылаушы Ербол Сатымбаев болған.

Оқушының табылғанын ҚР ТЖМ растады. Қыз бала бүгін таңғы сағат 09: 34 табылған.

«Ол өзеннің сол жағалауында оқиға болған жерден 3-4 км жерден табылды. Шатқалдың биіктігі 800-1500 метр аралығында. Ағынды өзен, тік жар, жүруге қолайсыз аймақ. Алматы облыстық ТЖД  мен Республикалық іздеу құтқару отрядының қызметкерлері балаға алғашқы көмек көрсетті. Денесі сырылған, жағдайы тұрақты орташа ауыр», - деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уали.

Қазіргі уақытта оқушыны әуе көлігі арқылы Алматы ауруханасына жеткізу жолдары қарастылып жатыр. Іздеу жұмыстарына елуден астам қызметкер, кинологтар мен жиырмаға жуық техника жұмылдырылған.

Оқи отырыңыз: Оқушылар экскурсияға шыққан: Шарын шатқалында болған селдің видеосы жарияланды

Еске сала кетейік кеше, 29 мамырда Шарын шатқалында 13: 35 сел жүрген. Сол сәтте Алматыдан 8 оқушы, 5 ата-ана мен 3 мұғалім Шарын шатқалына экскурсияға барған. Тасқынның кесірінен Алматыдағы № 199 мектептің оқушылары зардап шекті. Селден 27 жастағы мұғалім жігіт пен бір оқушы қаза тапты.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

 

 

Серіктес жаңалықтары