БҚО-да «10 жастағы оқушының зорланғанын жасырды» деп айыпталған директор 3 жылға сотталды

Одан бөлек, директор оқушының анасынан қызын басқа мектепке ауыстыруды талап еткен

БҚО-да «10 жастағы оқушының зорланғанын жасырды» деп айыпталған директор 3 жылға сотталды
көрнекі сурет: median.az

Батыс Қазақстан облысында 10 жастағы оқушы қыздың өгей әкесі тарапынан зорлық көргенін жасырды деп айыпталған Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры Лариса Қожахметованы сот кінәлі деп тауып, оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Аудандық сотта 2019 жылдың наурыз айында Л. Қожахметованың қыздың өгей әкесі тарапынан болған нәпсілік қол сұғушылық туралы мектеп психологтары мен 5-сынып оқушыларынан білгені айтылды.

«Қожахметова өзінің кабинетіне мектеп қызметкерлерін жинаған. Жиналыста ол қол астындағы қызметкерлерге оқиға туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға тыйым салды. Сондай-ақ директор оқушының анасынан қызын басқа мектепке ауыстыруды талап еткен. Қожахметованың әрекетсіздігі нәтижесінде оқушы қызға өгей әкесі тарапынан тағы екі рет жыныстық қудалау жасалды. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді», - делінген сот хабарламасында.

Мектеп директоры соттағы соңғы сөзінде өз кінәсін мойындамады және өзін ақтауды сұрады. Адвокат Айсұлу Билалиева сот үкіміне шағым түсіретінін айтты.

«Мұндай жағдайға кез келген мектеп директоры тап болуы мүмкін. Лариса Қожахметованың үш баласы бар. Қазір ол жұмыстан қуылды. Бұл әділетсіз шешім», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, оқушы қыздың өгей әкесі кінәлі деп танылып, 22 жылға бас бостандығынан айырылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.