ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

БҚО-да 10 жасар қызды өгей әкесі зорлағаннан кейін мектеп директоры сотталып жатыр

Оның кінәсі дәлелденсе, алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

көрнекі фото

Батыс Қазақстан облысында оқушысының зорлық көргенін жасырды деп айыпталған Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры Лариса Қожахметова соттан кешірім сұрады деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Ол өзін кінәсізбін дейді. Өйткені адам аузы бармайтын азғындық мектептен тыс жерде болған. Сондай-ақ оқушының ата-анасы мен туыстарынан бұрын мұғалімнің полицияға шағынуы міндетті емес және куәгерлердің жауабы қиыспайды, дейді директор.

Бүгінгі сот алдындағы соңғы сөзінде Лариса Қожахметова ұстаз болуды бала кезінен армандағанын айтып, қиналған кезде өзін қолдаған әріптестері мен отбасына, тіпті көршілеріне де алғыс айтты. Ауыр науқас екенін және үш бала өсіріп отырғанын айтып, соттан өзіне кеңшілік танытуын сұрады.

«Ұстазды ешкім қорғамайтынына дәлел болды. Осыдан кейін кім басшы болады? Кім басшыны қорғайды? Кім ұстаздарды қорғайды? Туған анасы бар өзінің, баласына деген жанашырлығы қайда? Құрметті сот, осы жағдайларымды ескеріп, ҚР Соты атынан сіз мені ақтап, әділ шешім қабылдайды деп сенемін», - деді сотталып жатқан педагог Лариса Қожахметова.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы  мектеп-гимназияның директоры Лариса Қожахметова кәмелет жасына толмаған оқушы қыздың зорлық көргенін хабарламағаны үшін айыпты деп танылған.

Сот материалдарынан белгілі болғандай, ауыл тұрғыны он жастағы өгей қызына үш жыл бойы азғындық әрекет жасаған. Бірақ анасы ғана емес, мектептегі ұстаздары да қорғансыз періштеге ара түсуге асықпаған көрінеді. Өгей қызына озбырлық жасаған адам 22 жылға сотталды. Ал директор, кінәсі дәлелденсе, алты жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін мектеп-гимназия директорының қызметінен босатылып, үйқамаққа алынғаны хабарланды