Түркістанда екі бала тереңдігі 5 метрлік дәретханаға түсіп кетті

Оларды полицейлер алып шықты

Түркістанда екі бала тереңдігі 5 метрлік дәретханаға түсіп кетті
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан полицейлері тереңдігі бес метрлік дәретханаға түсіп кеткен үш және 10 жастағы балаларды аман алып шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ кезекшілігінің “102” нөміріне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, үйінің ауласындағы дәретханасының ішіне өзінің үш жасар ұлы мен 10 жасар қызының абайсызда түсіп кеткенін айтып, көмек сұраған. Хабарламаны бірінші болып алған Сарыағаш АПБ учаскелік полиция инспекторлары Нұрдаулет Еділов пен Асыл Ережепов, сондай-ақ Айсұлтан Сапар оқиға болған жерге екі минут ішінде жетті.

Содан полицейлер екі жасөспірімнің өміріне қауіп төнгенін ескеріп, ештеңеге қарамастан балаларды құтқармаққа асығады. Себебі бес метрлік әжетхана ішіндегі нәжіс 10 жасар қыздың иығына дейін жеткен. Ал жасөспірім қыз жанындағы үш жасар бала, яғни інісін нәжіске батып кетпесі үшін көтеріп алып тұрады. Полицейлер құтқарудан кешіксе, балалар иістен уланып қалуы да мүмкін еді, сондықтан қызметкерлер жедел түрде әрекет етіп, бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құралымен соққылап бұзды. Және ішіндегі балаларға қауіп төнбейтіндей әдіспен әрекет етті.

Содан соң полицей Асыл Ережепов арнайы жіпті беліне байлап, бес метр тереңдіктегі әжетхана ішінен бірінші үш жасар ұлды, артынша 10 жастағы қызды аман есен алып шықты.

«Үйдің ауласында келеңсіз жағдай орын алды сол себепті біз шұғыл түрде Сарыағаш ауданының полицейлеріне жедел түрде хабарластық. Сол мезетте тез арада келген Сарыағаш АПБ Қапланбек ауылының учаскелік полиция инспекторлары Асыл Ережепов пен Нұрдәулет Еділов, Айсұлтан Сапаров келіп, өз көмектерін көрсетті. Шұғыл түрде аман-есен балаларымды алып шықты. Сол себепті осы полиция қызметкерлеріне аналық алғысымды айтқым келеді және де осы қызметкерлер тиісті деңгейде марапатталса екен деймін. Жұмыстарына табыс тілеймін!», – деді балалардың анасы Ажаркүл Саржанова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.