Аягөз қаласының экс-әкімі сотталып кетті
Қуаныш Азыханов алдағы 4,5 жылын темір торда өткізетін болды
Кәсіпкерден пара алды деп айыпталған Аягөз қаласының экс-әкімі Қуаныш Азыхановқа сот үкім шығарды. Бұрынғы шенеунік өзінің ақталатынына соңғы сәтке дейін сенімді болған еді. Тіптен ол сот жүріп жатқанда журналистерге сұхбат та беріп үлгерген. Алайда сот залында оның қолына кісен салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен (айтарлықтай мөлшерде пара алу) Азыхановқа қатысты қылмыстық істі үш айдан аса уақыт қарады.
Судья Аягөз қаласы әкімі лауазымын атқара жүріп Азыханов 2020 жылғы 16 және 17 қыркүйекте табиғи апат нәтижесінде зардап шеккен үйлерді қалыпқа келтіру бойынша орындалған жұмыстардың актісіне қол қойғаны үшін мердігер ұйымынан, яғни «Көркем» кәсіпорны атынан жалпы сомасы 1 200 000 теңге параны екі мәрте алған деді. Сотталушы ақшалай қаражатты алып болған соң, қызметтік кабинетінде ұсталғаны айтылды.
«Прокурор 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады, алынған ақшаны қарыз алуым деп түсіндірді. Қорғаушы сотталушыны ақтауды сұрап, куәгер Б.-нің берген жауаптарын жарамсыз дәлел деп тануды өтінген.
Сотталғанның кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, жасырын тергеу жұмыстары нәтижелерімен, тергеу әрекеттерімен, арада болған әңгімелердің стеннограммаларымен, болған оқиғаның бейнежазбаларымен, іс бойынша алынған айғақ заттармен дәлелденеді. Сотталушының ақшаны қарызға алдым деген уәждері ақшаны берген куәгердің «ол соманы жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін бердім» деген жауабымен жоққа шығарылады. Атап айтқанда, сот мәжілісінде куәгер Б. «Көркем» ЖК-нің иесі екенін айтқан, алайда Аягөз қаласындағы барлық қаражат пен өндіріс жұмыстарын азамат С. дегенге тапсырғанын бекітті. Куәгер С. сотта ақша сомасы әкімге тек қана тиісті құжаттарға қол қойғаны үшін берілгенін бекітті», - делінген ШҚО Аягөз аудандық сотының таратқан ақпаратында.
ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігінің санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды қарастырады. Өзін жаланың құрбанымын деген экс-әкімге сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды анықтамаған.
«Қылмыстың жауаптылықты ауырлататын мән-жай болып (ҚК-нің 54 бабы), қылмысты қабылдаған антты бұза отырып жасағаны танылды. Сот сотталушыға мемлекеттік қызмет атқару құқығына өмір бойына тыйым сала отырып, 4 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау қажет деп санады», - деп хабарлады Аягөз аудандық сотының баспасөз қызметі,
Оқи отырыңыз: «Кәпір болып кетсем де...»: Аягөз қаласының экс-әкімі соттағы соңғы сөзінде «Абай жолы» романынан үзінді келтірді
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Шағым түскен жағдайда оның заңдылығы мен негізділігі жоғары тұрған сот инстанциясымен тексеріледі.
Еске сала кетейік, Қуаныш Азыхановты сотта өзінің туған қызы Айнұр Азыханова мен адвокат Бауыржан Азанов қорғады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы