$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.05.2021, 15:23
Оқиғалар

Атырауда паром тартатын катердің тозығы жеткен: 110 млн теңгеге сатып алған жаңа катерден ақау шықты

Жаңадан сатып алған катер желді күндерге шыдамсыз, мұзды оюға әлсіз

Атырауда паром тартатын катердің тозығы жеткен: 110 млн теңгеге сатып алған жаңа катерден ақау шықты
фото: azh.kz

Көптоғай ауылы мен Балықшы елді мекенін аудан орталығы тұсындағы Қиғаш өзенінен өтетін паром жалғап отыр. Паром түскі бір сағаттық үзілісін есепке алмағанда, таңғы сағат 07:30-дан бастап кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Өту ақысы әртүрлі: ауыр жүк көліктері мен траторлары үшін бір рет өту құны маркасына қарай 2000-4000 теңге аралығында болса, жеңіл көліктер үшін 500, мотоцикл үшін 300 теңге. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.

Жүзбелі паромды тартатын катерге биыл 75 жыл болады. Маңызды өткелдің жиі істен шығатынын паромды сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер Серік Сыдықов та жасырмайды. Қызметкерлерінің айтуынша, катерде тесік бар, одан су кірсе, оны сыртқа төгу әуреге салады екен.

«Сонша жылдан бері пайдаланып келе жатқандықтан, бұл катердің әбден тозығы жеткен. Жиі бұзылады, жөндеп, дәнекерлейік десек, темірі шіріп кеткен, тоғыз жерінде тесік бар. Екі рет суға батып кете жаздадық. Бірде екі аптадай жөндеуге тұрып қалдық. Адамдар амалсыз қауіпті болса да қайықпен өтті, көліктер жағада қаңтарылып тұрды өте алмай», - дейді Серік Сыдықов.

2020 жылы бюджет қаржысына 110 млн теңгеге Павлодардан «БК-100» катерін алып келген. Бірақ жаңа катер әлі іске қосылмаған. Сыдықовтың айтуынша, жаңа катер желді күндерге шыдамсыз, мұзды оюға әлсіз, оның үстіне моторында ақау бар.

Ал Құрманғазы ауданы әкімі Марат Мурзиевтің айтуынша, жаңа катерде зауыттан шыққан кезде ақау болған, қазір ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары