Ақмола облысында екі жасар сәби 7-қабаттан құлап қайтыс болды
Өңірде жыл басынан бері үш баланың терезеден құлап кету дерегі тіркелген

Ақмола облысында екі жастағы қыз бала 7-қабаттағы пәтердің терезесінен құлап мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері үш баланың терезеден құлап кеткені туралы деректер тіркелген. Екі жағдайда бүлдіршіндер аман қалса, үшінші оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды.
Қайғылы оқиға 14 мамыр күні кешкі сағат 18:55 шамасында болған.
«Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жедел жәрдем фельдшері хабарласып, Абылай хан көшесі, 15 мекенжайында орналасқан 9 қабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан қыз баланың құлап кеткенін мәлімдеген. 2019 жылы туған баланың өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 141-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген өңірлік ПД хабарламасында.
Белгілі болғандай, маусым айында екі жасқа толуы тиіс сәби пәтердің ашық тұрған терезесінен абайсызда құлап кеткен.
Полиция өкілдері қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айта келіп, ата-аналарды кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды. Бала терезе жақтауына шыға алмас үшін ашық терезе маңындағы жиһаздарды алыс қоюды, сондай-ақ, москитті терезеге сенім артпауды, оның баланы сақтап қала алмайтынын ескертті.